Государственный республиканский академический Уйгурский театр
музыкальной комедии им.К.Кужамьярова

«Ұйғыр сахнасында – мұқамдар»

3 декабря 2021

Алматыда орналасқан Қ.Қожамьяров атындағы Республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының шымылдығы ашылғаннан бері талай ұлттық дүниелермен қатар әлемдік классикалық шығармаларды сахнаға шығарғанын тарих беттерінен білеміз. Бүгінгі таңда, өздері ұстанған репертуарлық саясаттан таймай жұмыс істеп келе жатқан ұжым әлемдік театр үдерісінен қол үзбеуге тырысып, түрлі жаңа қойылымдар қойып, ұлттық драматургияны қайта түлету мақсатымен театрға жас мамандарды тартып жұмыс істеу үстінде. Күні кеше өздерінің ұлттық драматургиясының жауһары – «Анарханмен» маусымдарын ашып, «Менімен сырлас...» қойылымының премьерасын көрсетті. Сонымен қатар, талай жылғы еңбектерінің нәтижесі – 12 мұқамның алғашқы төртеуін сахналауы түркі халықтарына ортақ музыкалық жанры – мұқамдарды театрлық форма арқылы жеткізуі үлкен жаңалық болды десек қателеспейміз.
Ұйғыр халқының он екі мұқамы – дәстүрлі әншілік орындаушылық ән мен биден, халық поэзиясынан құралған кәсіби ортағасырлық өнер әлі күнге дейін ұлттық мұраның бірден бір үлгісі. V-VI ғасырларда пайда болып, ХY ХYI ғасырларда толық классикалық цикл болып қалыптасқан мұқамдарда ұйғырлардың бүкіл эстетикалық әрі философиялық көзқарасы жинақталған. Мұқамның негізіне терең бойлаған сайын оның музыкалық түрлердің, орындаушылық дәстүр мәнерінің де алуан түрлілігін бойына сіңіргенін көруге болады. Музыка, поэзия мен би принциптерін біріктірген мұқамдар халық өлеңдері мен дастандарын, шығыс поэзиясының үздік үлгілерінің де басын бір арнаға қосқан.
Ұйғыр халқының көрнекті жазушысы, драматургі Ахметжан Ашири әр мұқамға, оның орындалатын әуені мен сөздеріне негіздеп драматургиялық желі құрып пьеса жазған екен. Драматург негізгі кейіпкер қылып тарихта болған, ұйғыр халқының аңызы бойынша мұқамдарды жинаған, Аманнисахан ханшайымды алыпты. Бірінші «Рак» қойылымында ол кәрі әкесі мұқамшының қасында емін еркін өсіп, Яркент қаласының патшасы Абдурешиттің көзіне өзінің сұлулығымен, және ең бастысы мұқамдарды орындауымен, білімімен, өлең шығаруымен көзге түсіп ханмен бірге сарайға аттанады. Ал, екінші «Чапбаят», үшінші «Мушаврак», төртінші «Чаргах» мұқамдарының спектакльдерінде Аманнисаханның ел мен жерді аралап, қарапайым халықтың арасынан бір жағынан ұлттық өнерді жинақтаса, екінші жағынан мұқамдардың таралуына да себепші болғаны баяндалады.
Сахнадағы барлық оқиғалар тізбесі, соның ішінде кейіпкерлердің көңіл-күйі, махаббаты, еліне деген сүйіспеншілігі мен өнерге деген адалдығы, т.б. психологиялық толғану сәттері мәтін арқылы емес, мұқамдар арқылы жеткізіліп отырды. Бұл спектакльдің лирикалық тынысын күшейте түскен құбылыс болғаны даусыз. Оқиғаның мағынасына қарай, мұқамдар оқиғаның лирикалық мазмұнын тереңдетіп, түрлі көңіл күй мен сазды үн сыйлады.
Қойылымның басты ерекшелігі – орындаушылардың барлығы кәсіби әншілер мен бишілерден құралып, музыкалық спектакльдің шығармашылық тірегіне айналады. Мұқамды орындау ерекшеліктерін сақтап, дәстүрін жете түсінген Луиза Розахунова (Аманнисахан), Мехрат Рәхмәтжан (Абдурешит хан), Нуралим Варисов (Махмут мұқамшы), Саһидәм Мәшрәпова (Аймәликәм), Назим Палтахунов (уәзір), Фурқәт Заиров (деванә шаир), Сахип Абумайин (яш нахшичи), т.б. әншілік вокалдық дарындары бар қырынан көрінді. Бірақ, орындаушылар сахнада концерт емес театр қойылымын көрсетіп жатқанын ұмытпай, драмалық тұстарын тереңдете түссе екен деген ниет білдіреміз. Бұл ретте мұқамшы Махмұт роліндегі Нуралим Варисовтың дауыс ырғағының шынайы шығуына, үн ерекшелігіне мән бергенін аңғардық.
Екінші мұқам «Чапбаят» қойылымындағы жәрмеңке сахнасын ерекше айтуды жөн көріп отырмыз. Аманнисахан қарапайым шапан жамылып, халықтың жағдайын білу үшін қалаға шығып жәрмеңкеге келеді. Түрлі түсті, көп бейнелі, көп дауысты шығыс базары! Саудагерлер мен сатып алушылар, әшекей таңдаған қыздар, түрлі әлеуметтік топтың адамдары. Жеміс жидек, тандыр нан, түтінін бұрқырап пісіп жатқан кәуаптар, құмыралар мен әшекейлер, орамалдар мен камзолдар, масқарапозшылардың ойындары мен қыздардың билері – бәрі шығыс базарының атмосферасын демде әкеледі.
Сондай ақ, спектакльдің сәтті шығуына үлкен әсер еткен – сахнада халық әндері мен өлеңдерінің, хордың әсем орындалуына Ниязжан Турсунов басқаратын театрдың фольклорлық «Нава» ансамблінің музыкалық сүйемелдеуін мүлтіксіз атқаруында болды. Олардың осы төрт қойылымның біраз сахналарында орындаушылармен етене араласып кетіп, өздері кейіпкерлердей сахнада өмір сүруі, оқиғаның негізгі қозғаушы күшіне айналып отыруыда спектакльдің музыкалық сарынын тереңдете түскен.
Ал, Эльмира Сайдуллаеваның басқаруындағы «Рухнасана» би ансамблі сахна билерінің ұлттық өрнек нақыштары мен жаңа композиялық суреттелуіне ден қойған. Қыздардың көктем нұрына бөленіп, тұрмыстық сарындағы суға бару, шәй құю, т.б. билерімен қатар, жігіттердің қыздарға көз салған ойнақы әрекеттері қарт ақсақалдардың қалжыңға толы пантомималық қимылдарымен алмасады. Мұқамдардың ертеден келе жатқан жанр екенін көрсететін дәруіштер мен бақсылардың ойыны бізді көне заманның ырғақтарына жетелесе, жағрапиялық кеңдігін байқату үшін классикалық үнді билерінің шығыстық нәзік те әсем қимыл әрекеттері көреременді баурап әкетеді. Әр бидің шебер қойылуы, хореографиялық лексиканың нақтылығы қойылымның театрлық бағытын тереңдетуге септігін тигізгені сөзсіз.
Сондай ақ, төрт қойылымдағы орындаушылардың үстіндегі костюмдердің әдемілігі мен байлығын айтпай кетпеуге болмайды. Төрт кеш бойы көрсетілген төрт мұқамда бір де бір костюм қайталанбауы, кемпірқосақ спектіріндегі барлық түстердің сахнада салтанат құруы, ұлттық нақыштағы ерекше пішінді бай көйлектер мен шапан комзолдардың стилі жағынан түрлі интерпретациямен тігілуінің өзі бөлек спектакль дегіміз келеді.
Мұқамдардың сахналық нұсқасында осындай жетістіктерімен бірге, көптеген кемшіліктері де болды. Орындаушылардың көбіне сахналық бейненің музыка мен драмалық жағын бірдей шығаруы жетіспеген. Өйткені орындаушылар музыканы өте жақсы меңгеріп, бейненің драмалық жағына келгенде ақсап отыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, он екі мұқамды сахна төріне қоюда кәсіби актерлер емес, театрдың әншілері, би және фольклорлық ансамбльдері ғана жұмылдырған. Осының салдарынан қойылымдарда драма жанрын меңгерудегі шығармашылық мүмкіншілігінің тапшылығын байқалып тұрды. Сонымен қатар, бұл қойылымға әрекетті режиссураның да көмегі қажет ақ. Орындаушылардың техникалық мүмкіндіктерімен әлде болса жұмыс жасап, мизансцена құруда, көркемдік бейнелеу тәсілдерін қолданғанда нақтылық пен қатар әрекетті шынайылық жетіспей жатты. Қойылымды сахнаға шығарған театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық артисі Мұрат Ахмадиев ұйғыр театрының баяғыдан қалыптасып қалған дәстүрлі шешімдердің шеңберінде қалған. Әрине, М.Ахмадиев ағамыздың негізгі кәсібі режиссура емес екендігін ескере отырып, оның мұқамдарды қойғандағы негізгі мақсаты – ұлттық музыка жауһарын қазіргі жас ұрпаққа жеткізу, рухани мұраны сақтаудағы үлкен еңбегін бағалауымыз керек.
Ұйғыр театрының сахнасында он екі мұқамның төртеуі қойылды. Алдағы уақытта талай жұмыс күтіп тұр. Білекті сыбанып, қалған мұқамдарды да бүгінгі көрерменге ұсыну керек. Ендігі кезек – олардың көркемдік сапасын көтеріп, актерлер роль үстіндегі ізденістерін күшейтіп, орындаушы мен режиссердің арасындағы байланысты нығайтып, қойылымның ой тұжырымын терең ой мен жүйелі әрекетке құруға талпынса екен деп ниеттенеміз.
Анар Еркебай, театртанушы, өнертану кандидаты,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры

 

Предыдущая

Все новости