Государственный республиканский академический Уйгурский театр
музыкальной комедии им.К.Кужамьярова

«МҰҚАҒАЛИ МЕН ИЛЬЯНЫҢ ДОСТЫҒЫНА КУӘ БОЛҒАМ»

4 декабря 2021

«МҰҚАҒАЛИ» журналының 5 – санында Белгілі жазушы, драматург, Халықаралық “Алаш” және “Қорқыт ата” әдеби сыйлықтарының лауреаты.Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Аширидың қаламынан туған:

«МҰҚАҒАЛИ МЕН ИЛЬЯНЫҢ ДОСТЫҒЫНА КУӘ БОЛҒАМ»

атты мақала жарияланды:

                                            Барлық ақын баласы бір ананың...

     Илья Бәхтия – ұйғыр поэзиясына айтулы олжа салған атақты

шайыр. Өзінің 55 жылдық саналы ғұмырын халқына арнады. Әдебиетке адал қызмет етті. Шығармашылығы молынан жеміс берді. Мен білетін шайыр мықты қаламгер болуымен бірге, өте қарапайым жан еді. «Болдым, толдым, жетілдім, жеттім» демейтін. Мәселен «Өмір өткелдері» кітабына назар салыңызшы:

Қолтаңбам бар!

Бір жөні болып қалар.

Ақын құсы маңыма қонып қалар.

Сонда халқым көп ақын арасынан,

«Қарға балам – аппағым!» деп айтқандай,

Ажыратып мені де танып алар,

– дейді. Болжағаны дәл келді. Туған халқы ақынын жазбай таныды.

Илья Бәхтия Мұқағалимен сырлас, сыйлас, өте жақын дос болған.

Бұл – бүкпесіз шындық. Тау мінезді екі ағам кейде мені өздерімен

бірге ертіп алып іссапарға шығатын. Туған өлкенің табиғатын бірге

қызықтайтын. Қалың бұқараның ортасында болып олармен емін еркін сырласатын. Ұлы Мұқағали «Барлық ақын баласы бір ананың»

деп тауып айтқан. Оның мәнісі мынада – бірі қазақша, екіншісі

ұйғырша өлең оқығанда қалың жұрт сүйіне қол соғатын.

Сонымен қатар, олар Мәскеудегі жоғары әдеби курста бірге оқыды.

Өмірдің тәттісінен гөрі ащысынан көбірек дәм татты. Ильяның да,

Мұқағалидың да тағдырлары ұқсас. Балалық шақтары соғыс өртіне

тап келген. Сондықтан Илья Бәхтия шығармашылығын Мұқағали

Мақатаевпен байланыстыра қарастырсақ көп нәрсені аңғарамыз.

Олардың өлеңдерінде соғыс тақырыбы ерекше орын алады. Он

жастағы тұрғыластары, жесір жеңге, аңыраған ана, майданға кеткен

әкелер, сүйгенінен айырылған ынтық жастар, үзілмейтін үмітіне сүйенген қарттар, мылтықсыз майдандағы сұрапыл еңбек боямасыз суреттеледі.

Менің қуанатыным, екі шайыр да өз өлеңдерінде Отанға, туған

жерге деген сағынышын, махаббатын көркемсөзбен кестеледі.

Шындықтың шырайын келтірді. Азаматтық бейнелерді сомдады. Достықты ту етіп көтерді. Мұқағалиды тыңдасақ:

Тіршілікте көрінеміз өлместей,

Тұра алмаймыз, ерегеспей, белдеспей.

Өтейікші бірімізді-біріміз

Өшіктірмей, өкпелетпей, сен деспей, –

деп толғанады. Илья осы ұғымды ұйғырша жалғастырады:

Қизиқ йә?!

Тирикчилик, өмүр дегән,

Чоғ болуп өчидекән көмүр дегән

Әзәлдинла бир-бирини рәнжитиду

Рәнжитиду, һазирчә көмүлмигән, –

дейді тебіреніп.

Поэзияға байланысты сыр шерткенде өздерінің ісі мен күшіне табан тірейді. Мұқағали ағамыз:

 Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Алайда өлтіре алмас өлеңді ешкім, – десе, Илья оны

Мирас қалса ұрпаққа,

Біраз еткен еңбегім.

Көңіл тойса ол баққа,

«Өлді» дейді мені кім?

деп жалғай жөнеледі.

Шайырлар қателеспепті, елі Мұқағали мен Ильяның кітаптарын қол дарынан түсірмей қызыға оқуда. Мұқағали өлең қуған ізбасарларына:

Ақын болсаң, алмас бол тайпалмаған!

Сен айт менің ойымды, айта алмаған, –

 десе, Илья:

Шаир иним, сән жираққа барғайсән,

Мән алмиған чоққиларни алғайсән, –

 деп жас ақындарға дем береді. Екі шайыр да әділдікке сусады.

Өздеріне арналған лайықты бағаны дер кезінде естімеді. Марапаттар бұйырмады. Содан кейін «болашаққа арыз жазды»,

Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай,

Мынау халқым неге жатыр тойламай?

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай! – деді Мұқағали.

 Келмейді достарым, келмейді.

 Туған күнімді құттықтап.

Біреу де гүл шоғын бермейді... – дейді Илья Бәхтия.

«Бәрекелді, апирин, хуш кәпсиләр!» – деп қарсы алдым. Екеуі

үйде темекіні көп тартты. Сол күнгі пірсұхбат сөздерінен олардың

табиғатын, жан дүниесін біршама таныдым. Тереңдіктерін байқадым. Олар «бізге атақ бермеді» деген сөзді ауыздарына алмады.

Мұқағали, Илья қазақ пен ұйғырдың ары мен намысы, боямасыз

болмысы еді! Мен олармен кездескенімді, қастарына ілескенімді

разылықпен, шүкіршілікпен айтқым келеді...

Өмірде не болмайды? Шайырлар қисынсыз сындарға да ұшырады. Алайда, мұраларын шаң баспады. Олар өз ұлттарының

асқақ бейнесіне айналды. Сол қалыпта тарихқа енді. Менің сенімім

бойынша Мұқағалидың, Ильяның шын аты – халық! Мұқағали мен

Ильяның адами достығын насихаттау арқылы біз адамзаттық сүйіспеншілікті, өнерді дәріптейміз. Мұқағали – Ильяның нағыз досы

бола білді. «Илья өзін мәпелемейді, есесіне халқының әдебиеті

мен мәдениетін көзінің қарашығындай аялап қорғайды! Ол да

қайталанбас тұлға, ақиқат үшін жыр жазған күрескер!» деп бір

кездесуде ағынан жарылғаны әлі есімде.

Ғибратты ғұмыр кешкен сыршыл шайырлардың жаны нұрлы, парасаты биік, айырықша тұлға болғандығына шан-шәрәп деймін! Суреткерлер әдеби қауымды жалт қаратты. Олар шындыққа ғана жүгінген көкбөрілер, туабітті дарындар, иманы кемел толық адамдар еді.

1973 жылы Қазақстан Жазушылар одағы Мұқағали мен Ильяны

Москвадағы Горький атындағы жоғары әдеби курсқа тыңдаушы етіп

жіберді. Бірақ олар – Абай мен Махмут Қашқари, Йүсүп Хас Һажип

та бұл институтта оқымаған ғой деп Алматыға қайтып келгені

бар. Әрине, бұлары сылтау шығар. Алайда әрекеттерінің түбінде

шындық жатқаны анық.

 Екеуі бірде Ильяның туған ауылы Ачиноқыға жол тартса,

келесіде Мұқағалидың туған жері, қасиетті Қарасазда болып, елжұртпен ресми емес әсерлі кездесулер өткізген екен... Сол кеңестік кезеңнің өзінде қазақ пен ұйғырдың түбі бір түріктен тарайтынын айналасына ұқтырды. Екеуі де компартиядан аулақтағысы келді.

Қисынын келтіріп партия билеттерін тиісті орындарға өз еркімен

тапсырды. Мен олардың жүзінен халқының болашағына алаңдаған

мұңды көретінмін. Олар сол күйінде дүниеден өтті.

Бір күні Илья ағам есікті асығыс ашып үйге кіріп келді. Өңі бопбоз. Мені баурына баса құшақтап, дірілдеген үнмен:

«Әң биринчи бәхтим-хәлқим мениң,

Иккинчи бәхтим-тилим мениң,

Бәхтим бар үчинчи-вәтән дегән!»

 достум Муқағалидин айрилдим, – деді аҺ ұрып. Сыңарын жоғалтқандай қасіретті хал кешті... Илья шайырдың сол сәттегі көкірегіне тамшылаған көз жасы – барлық ұйғырдың көз жасы еді! Мен қосыла егілгенімді өзім де байқамай қалдым...

Жақында Құдыс Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының киелі сахнасында

талантты қаламгер Г.Насырованың «Мениң билән муңдашқин...»

қойылымының премьерасын өнер сүйер қауым терең тебіреніспен

көрді. Дарынды ақынның шығармашылық өміріне негізделген

қойылым сәтті шыққан. Спектакльде Илья мен Мұқағали өзіне-өзі

сыймай жалғандықпен жағаласады, арпалысады. Оларды мұндай

күйге түсірген қарама-қайшылығы көп күрделі өмір азабы ғана

емес, өз ұлтының бодандығы, есесі кеткен туған елінің намысы.

Сол от оларды өртеп бара жатқанын аңғарасыз. Қойылымда халық

Мұқағалиды күтіп алады. Одан:

– Шайыр – ақын деген қандай болады? – деп сұрайды.

– Ильядай адам шайыр бола алады! – деп жауап береді...

Мұқағалидың данышпандығына көпшілік тәнті болады.

Бұл спектакль не үшін қойылды? Ең алдымен «Талантты бағалайық, иман нұрлы инсандарды аялайық» деген өміршең идея

сіңірілген қойылым. Шайыр өмір сүрген кезеңнің тынысын сездіру

үшін М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының режиссеры

Елік Нұрсұлтан мивалы еңбек еткен. Спектакльдің мақсаты – мәшһур ақындардың бақытты өмір сүруіне кедергі келтіретін келеңсіздіктермен бірлесе күресуге адамзатты шақыра отырып, келешек ұрпақты ортақ құндылықтар арқылы ынтымаққа ұйыстыру міндетін үндеу еді. Халық перзенттері адами асыл қасиеттерді ұрпақтар бойына ұлттар мәдениетінің байланыстары арқылы сіңдіруге тырысты. Ильяның қазақ тілін терең меңгергені инсани кәміл... «Мен қазақ әдебиетін ерекше қадірлеймін. Бұл ұлы халықтың ұлы әдебиетінде қазына көп» деуші еді, жарықтық. Шайыр Илья айтқан сөзінде тұрды. Жаңқалтасынан ылғи қазақ тіліндегі кітаптарды көретінмін. Ұлы  Абайды, Қадыр Мырза-Әлі, С. Мәуленов, Қ. Бекқожин, Ғ. Қайырбеков, Қ. Аманжоловтарды қайталап оқитын.

      Мәшһур жазушы С. Мұқанов ұйғырдың ХVI ғасырда өмір сүрген

қаһарман қызы Ипархан туралы «Ипархан» дастанын жазған. Илья

дастанды әдемі етіп көркем тәржімеледі. Сәбең: «Жарайсың Илья

інім, сенің поэзияда зор қабілетің бар екен. Көзім жетті. Өмір бойы

осылай талантты шайыр болып қалуыңды тілеймін» деп жылы лебіз

білдіргенін мақтан тұтып, айта кетуді жөн көрдім.

Мұқағали Мақатаев пен Илья Бәхтия жасаған әдебиеттің қазіргі

иесі –халық, киесі – елдің рухы болды. Ақындар мирасы – мемлекет

қазынасы. Осылай түсінгеніміз дұрыс болар. Өмірден ерте кеткен

нағыз ақындарды халық ұмытқан жоқ. Оларды «Біздің ақындар»,

«Халық жазушысы» деп атады. Бұл – мәңгілік құрмет!

Шыны керек, кезінде Илья – Мұқағалилар қорғалмады.

Есесіне олардың кітаптары шайырларды қорғады. Бұл – ақиқат!

Қазақ-ұйғырдың ұлы данышпаны Йүсүп Хас Һажип Мұқағали мен

Ильяны көрген сияқты сезіледі маған. Данышпан шайыр екі достың

тағдырына ашынып: «Гөһәр ятиду сайда, тонимисаң немә пайда!»

деп жазып кеткен сияқты. Ұйғыр түркінің классик шайыры Билал

Назим: «Киши қәдримни билмәйду, мән вәтәнниң гәвһәридурмән»

деп жазғаны да есіме түседі...

Илья ауруханада жатты. Мен жанында болдым. Басына ота

жасады. Ол маған қарап ақырын ғана сыбырлады: «Мән ким?» –

деді. Одан кейін күбірлеп өлең оқыды:

Мән уйғурниң қәдимқи Ильясимән,

Тавлиса – гаң, өстәрсә хуш гиясимән.

Данишмән әмәсмән бирақ әл үчүн

Өмрини пида қилар зиясимән! –

деді ақырын ғана.

Сөйткен Илья Бәхтия небәрі 55 жаста фәниден бақилыққа аттанды.

Илья мен Мұқағали өмірдің суық-ыстығын бірге көрді. Артына асыл

мұра тастады. Қазақ-ұйғырдың кең пейілдерін паш етті. Шайырлар

өлеңнің ғана емес, достықтың да тамырын тереңдетті.

Мен Ильяның 60,70,80 жылын еске алу кездерінде... Ұйғыр

ауданының орталығына Мұқағали Мақатаев, Илья Бәхтия атындағы аллея жасақтауды ағайындардың есіне салдым. Екі жұлдыздың

ескерткіші жарқырап бірге тұрса қандай ғанибет?! «Ақындарымыздың тұғыры мен тұлғасы рухымыздың биіктей түсуіне септігін тигізеді. Ұрпақтардың тағзым етіп үлгі тұтар ұлықнамасына айналар еді» дедім... Жылдар өтті... Бақыт мекені Тәуелсіз Қазақстанның төрінде бұл арманымның жүзеге асатынына сенімім кәміл!