Государственный республиканский академический Уйгурский театр
музыкальной комедии им.К.Кужамьярова

ӨНЕРДІҢ ТҰҢҒЫШЫ – ТЕАТР

19 сентября 2021

Ұйғыр театр өнерінің  қара шаңырағы – екеу емес, үшеу емес, біреу ғана. Ұйғыр халқының ұлттық сипатын толыққанды паш ете отырып жұмыс істеп отырған өнер ұжымы тек Қазақстанда ғана бар. Ол – Құдыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театры. Ұлтымыздың ен-таңбасы анық басылған мекеме 1934 жылы құрылған екен. Бір қызығы,  осы Ұйғыр театры менен  төрт жас үлкен.  Әлемде мұнан өзге аты затына сай ұйғыр театры жоқ. Бақыт мекені (Өзім театр өнерін, театрларды бақыт мекеніне балаймын – авт.) тек Қазақстанда ғана бар. Бұл – ұйғыр өнерінің қаймағы бір ортаға  тоғыстырылған, жан-жақты  таланттар жиылған қасиетті орда.

Мен осы мақаламда саф өнердегі кем-кетігіміз бен жоғымызды санамалап айтумен қатар, осы кезге дейінгі жеткен биігімізді де көрсеткім келіп отыр.

Бір кездері көшірме, қайталау, еліктеу сынды факторлар сахнамызда көптеп  орын алды. Қысқасы, біреудің жасаған қойылымын, образын көшіріп пайдаландық. Соның ішінде аударма саласы  ұйғыр драматургиясының дамуы мен театр өнерінің қалыптасуына, ұлттық сана-сезімді оятуға үлкен септігін тигізгені ақиқат. Бұрынырақта  ұйғыр театрының екі спектаклінің бірі аударма пьесадан тұратын еді. Мен – ол кезді өз көзіммен көрген адаммын. «Әлемдік классиканың қайсысы, қандай автордың шығармасы қай театрда жүріп жатыр, оны  қай режиссер қалай қойып жатыр?» деп әуелде ұстаз, бағыт-бағдар  іздедік. Уақыт өте келе Шекспир мен Чеховқа, Островскийға дейінгі авторлардың сахнадағы жеке қолтаңбасын өз қалпында  сахналадық. Онымыз қойыртпақ  көшірме болып шыққанының  несін жасырамыз… Сол дәуірдегі көрерменді театрдан бездірген де осы көшірмелер мен еліктеулер болатын. Біздің режиссерлар осы сәтсіз қадамдарды бүгінгі күнге дейін мойындамай келеді. Режиссерлар төл туындыларды алып шығудың орнына, Шекспир мен Чеховқа ортақтасып, оларға еншілес болуға ұмтылды. Жатпай-тұрмай Лениннің образын сахнаға шығардық. Қазір қайда сол образ? Қайда сол «саяси көсем» – Ленин? Ал  төлтума «Анархан» пьесасындағы  Саит образы сахнада 87 жыл өмір сүріп келеді. Бірақ көңілге қарап шындыққа көз жұма берсек, біздің кім болғанымыз?!

Жаңа заман басталды. Біз есімізді жидық, ақыл тоқтаттық, енді ойлы, көркем дүниеге орын беру керек. Төлтума, ұлттық туынды арқылы жұрттың, көрермендің жүрегіне жол табу бәрінен маңызды. Спектакльдің негізі – ұлттық драматургия болуға тиіс. Өнердің басқа түріне қарағанда, театр –  бүкіл шындықты айтуға мүмкіндік сыйлайтын, сөз, образ, қимыл-қозғалыс, музыка, ән мен күй арқылы бір мақсатқа жетуге қызмет етіп, күш салатын ұжымдық сипаттағы жалғыз орын. Сахна сонысымен де –  киелі, рухани бастау. Ол – қағаз бетіндегі шығарманың жанданған түрі, эстетикалық әсері  мықты  рухани азық.

Ұйғыр театрында С.Башоян, Б.Омаров, Қ.Жетпісбаев сынды режиссерлар жұмыс істеді. Айтайын дегенім, мен театрға 35 жасымда алғаш рет «Өлмес болып туылғандар» атты пьесамды алып келдім. Ол кезде «Жазушы», «Жалын» баспаларынан повестерім басылып, оқырмандарға таныс автор едім.

 

ӨЛМЕС БОЛЫП ТУЫЛҒАНДАР

Пьесам көркемдік кеңесте төрт рет талқыланды. Мен әрбір актердің пікірін, ойын дәптеріме жазып қойдым да, артынан пьесаны түзеттім… Артистер: «Сізде профессионалдық машық, профессионалдық қарым жетіспейді екен», – деді. Төртінші рет пьесамды тағы бір рет оқып, артистер, алғашқы айтқан пікірлерінен тағы басқа жанама пікір айтты:  «Пьесаңды олай өзгерт, былай өзгерт»,  – деп мені әуре-сарсаңға салды. Әуел десең, көркемдік кеңесте пьесамды қорғаған ешкім болмады. Мен үндемей тұра алмадым: «Жоғары дәрежелі сахна шеберлері, пьесамды оқығандарыңыз үшін сіздерге көп рақмет!» – деп, пьесамды жинап, қоштасып шығып бара жатқан едім, атақты актриса Ризвангүл Тохтанова: «Тоқта,  қаламгер! Сен бізге өкпелеме, әкел пьесаны. Сенің өнерді сүйетініңді байқадым. Жалықпай төрт рет келдің, саған да рақмет! Мен де қайта-қайта оқыдым. Жөні түзу, жаңалығы бар пьеса екенін сезіп отырмын. Әдеби тілі жатық, көркем туынды. Сен өз бетіңмен еңбектеніп төлтума пьеса жазыпсың», – деп, менің қолымдағы пьесаны тартып алды. Ол тағы көпшілікке дауыстап: «Ахметжан Ашириден драматург шығады! Осы төлтума туынды  арқылы, режиссерымыз Бәйтен Омаров көрерменнің  жүрегінен жол таба алады! Еш күдік-күмәнім жоқ»!» – деді. Кейін Бәйтен Омарұлы пьесамды қолға алды. Мен репетиция кезінде режиссердың жанында болдым. Кейіпкерлерді ойнайтын актерлармен таныстырды. «Ахметжан, сіз, пьеса жазуды тастамаңыз… Сіз театр актерларының  қабілет-қарымын,  талантының деңгейін  біліп жүруіңіз керек. Мүмкін, осыдан кейін кейбір актерларды  көз алдыңызға келтіріп отырып пьеса жазарсыз! Ал  менің міндетім, яғни режиссердың  міндеті –  әр актер рахаттанып ойнайтын пьесаны сахнаға  әзірлеу. Мен асығыс-үсігістікпен, немқұрайлы қарап,  шала-шарпы спектакль қоймаймын!» – деді ол әңгіме барысында.

Иә, атақты режиссер Бәйтен Омаров өзбек, ұйғыр тілін өте жақсы білетін. Көп ізденіп, әр жұмысына ыждағаттылықпен қарайтын.  Ол менімен тізе түйістіріп, қоян-қолтық жұмыс істеді.  Ұйғыр театрының репертуары жыл сайын жаңарып отырды. Қойылған жаңа спектакльмен сахнаға әлдеқандай жаңалық келсе, ол  сөз жоқ Бәйтен Омаровтың үлесі дер едім. Ең бастысы,  театр ұжымында «менің аяғыма келіп жығыл!» дейтін доң айбат, доқ көрсету, керенаулық жоқ еді.

1973 жылы «Өлмес болып туылғандар» атты пьесам сахнаға шықты. Қойылымға театртанушылар, көрермендер жоғары бағасын берді. Осы пьесам менің драматург ретіндегі тынысымды ашып, рухымды көтерді. Драматургтар білуге тиісті құпия-сырларды ұйғыр театрында пьеса жазып жүріп үйрендім. Қазірдің өзінде мен актерлар арасында жүрмін. Сол киелі сахнадан кеткен жоқпын. Бұл сөзімнің өтірік емес екенін барлығы біледі. Жалпы алғанда, сегіз пьеса жазыппын. Қазір театрда драматургия кеңесін басқарамын.

 

Ұлттық бағыттағы қаламгерлер өспейінше, ұлттық сана сахнаға көшпейді

Жыл артынан жылдар өтіп жатты. Міне, егемен ел, тәуелсіз мемлекет болдық. Ауыздық алынып, арқа-бас кеңи түсті. Театрымыз есейді, тіпті ақылы кемелденіп, абыз ақсақалдың міндетін атқарып жатқан тәрізді. Көрерменге нені, кімді көрсетем десе де, тізгін-шылбыр қолында. Драматургиямыз да шалалықтан арылды. Не жазам десе де, қаламыңды қолыңнан қағып отырған ешкім жоқ.

Сөз бостандығын  сезіну үшін қалам қажет. Талант пен еңбекті серік еткен қалам жеңіске жетпей қоймайды. Ұлттық бағыттағы қаламгерлер өспейінше, ұлттық сана сахнаға көшпейді. Иә, ең алдымен ұлт екенімізді, ұйғырдың эпикалық халық екенін баршаға жеткізу үшін сахнаға ұлттық сана шығуға тиіс. Ұлттық сана өткеннің түп тамырын қозғау арқылы, өткеннің бейнесі мен тұлғалары арқылы айшықталмақ. Сонда көрермен өзінің кім болғанын, кім екенін сезіне алады. Сахнада тіл өнері, көркем сөз, мән-мазмұн бабына келе бастады, өнердің киесі қашқан жоқ.

Міне, тәуелсіздіктің отыз жылдығы қарсаңында Ұйғыр театры ешқашан шығармашылық бағыт-бағдарын, өзіндік бет-бедерін жоғалтпағанын білеміз. Деңгейіміз күн сайын өсіп, ұлт мұраты мен ел мақсатының бағытына орай, өнердің қадірін көтеріп келеміз. Өнердің тұңғышы – театр. Драматургия көркемсөз болып өмірге келмей тұрып-ақ театр өмір сүрген, десек те бүгінгі театрымыздың драматургиясыз күні қараң болмақ.

Хизмет, Жамалидин, Жалал, Абдулһәй, Қадыр, Исмаил бастаған аға ұрпақ, драматургтардың көтеріп тастаған бір биігін, кейінгі ұрпақ Шайим, Ахметжан, Жамал, Абдувәли, Гүлбаһар, Дүрнәм, Әкім, Акрам жалғастырды, бізде тоқырау болған жоқ. Сахнадан өнер алыстаған жоқ, көрермен қожырап, жастар жеріген жоқ. Көрермендер үшін тақыр даладан келіп, тарыққан көңілдің жадырап қайтар жайлауы, өнердің мөлдір бұлағы – театр. Қоғамдағы жұрттың жандүниесін жаңартудағы театрдың рөлін ерекше атауымыз керек. Театрды үнемі шырқау биікте ұстап тұру үшін, бір ғана жетекшінің,  режиссердың, көркемдік жетекшінің фантазиясы, қиялы – жеткіліксіз. Әр спектакль тұтас бір ұжымның таланты мен шығармашылық ізденісін талап етеді. Ол – көп саламен ұштасып, тамырласып жатқан жарқын өнер.

Менің «Астана» публицистикалық,  драмалық шығармама  Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» атты кітабы арқау болды. «Астана» пьесам  Алматыдағы Ұйғыр театрында, Нұр-Сұлтан қаласындағы  Бейбітшілік және келісім сарайында қойылды. Өнерсүйер көрерменді қуанышқа бөледі. Бұл қойылымның  идея авторы Қазақстанның халық артисі, театрдың көркемдік жетекшісі, режиссеры Мұрат Ахмадиев болды. Спектакль тұңғыш Президентіміз – Елбасыға арналып сахналанды.  Сол арқылы жетістіктеріміз бен табыстарымызды елге паш етіп, көрсетуді мақсат тұттық. Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының өнерпаздарының риза көңілі, ізет-құрметі мен  сүйіспеншілігі, халықтың ілтипаты, тұңғыш Президентіне деген жүрекжарды  махаббаты өнер ордасының аурасынан есіп тұрды. Елбасының  рөлін танымал артист-режиссер Әзиз Искендеров өте шынайы  етіп сомдап шықты. Бұл қойылым ел астансы – Нұр-Сұлтан қаласының  30 жылдығына тарту етілген сыйлықтардың ішіндегі сүбелілерінің бірі болған еді. Өнерсүйер қауым қойылымды көргеннен кейін, сол кездегі, ел аумағындағы театр сахналарында сыр шерткен  тарту-туындылардың ішінде «Астана» қойылымының айрықша болғанын «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Түркістан»  газеттері жоғары бағалап жазды.

Ендігі тілегіміз, тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойы қарсаңында  Ұйғыр театры дайындаған «Астана» спектаклін Елбасының бір рет көруін сұраймыз. Алпыс жыл бойы қолынан алтын қаламын тастамай келе жатқан ақсақал – драматург-жазушының бұл тілегі менің ғана емес, тұтас Қазақстанда бейбіт тіршілік етіп, бақытты өмір сүріп келе жатқан ұйғыр ұлтының да ақ тілегі, жүрек сөзі деп біліңіз! Бұл қойылымда ойнаған артистерді мақтауға да, марапаттауға әбден болатын еді.

Ұйғыр театрына бедел алып берген  спектакльдердің бірі «Идиқут» тарихи  драмасы  болды. «Идиқут» қойылымы Қазақстан, Орта Азия мемлекеттерінің ІІІ халықаралық театрлар фестивалінде «Ең үздік спектакль» деп аталды.  2010 жылы «Идиқут» пьесам түрік тіліне тәржімаланып,  «БЕНГУ» баспасында басылып жеке кітап болып шықты. 2014 жылы «Идиқут» пьесасы Анкара қаласының  «Театр альманағы» журналында басылды. 2015 жылы Анкарада арнайы  марапатталды.

 

ИДИҚУТ

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалардың арасында, тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Жалғыз жалбыз» спектаклім де болды.

Қазақ қариясы Қасқарау мен ұйғыр Сейиттің мәңгі достығы қойылымда терең көрсетіледі. «Ильһам» сыйлығының лауреаты, жазушы, шайыр Дәулетбек Байтұрсынұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов «Жалғыз Жалбыз» пьесасының сахналық қойылымын, актерлардың хас шеберлігін талдай отырып, бұл қойылымды  Мемлекеттік сыйлыққа  әбден лайықты төл туынды деп санаған еді. Бірақ  мен күткен бақыт келмеді.

 

ЖАЛҒЫЗ ЖАЛБЫЗ

Бар талантын театр үшін сарп еткен, білімді-білікті, «өмірім көркем өнер үшін»  дейтұғын, менің екі пьсамды саханалаған қоюшы режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ялқунжан Шәмиевтің драматургқа, драматургияға көрсеткен қамқорлығына шын жүрегіммен ризашылығымды білдіремін. Көрерменнің жылы сезімін оятқан бұл қойылымдар театр сахнасында әлі де өмір сүретініне сенемін.

Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі және Түрксой ұйымы  қолдау көрсетіп, Анкара шаһарында  Еуразия Жазушылар қауымдастығы – драматургия саласы бойынша ұйымдастырған Қорқыт ата атындағы халықаралық байқауда түркі тілдес мемлекеттерден қатысқан   48 үміткердің ішінде менің «Чарбағ» пьесам бірінші орын иеленді. Бұл 2017 жыл еді. Бес жылдан кейін театр репертуарына енгізілді… Бұл да менің ұлттық драматургияға қосқан үлесім болды. Қойылымнан бүгінгі көрермен шындықты, адамгершілікті, туған жерін сақтап қалу үшін жанын пида еткен адамдарды көре алады.

Үлкен қуанышты айтайын. Театрдың шығармашылық атмосферасы өте жақсы. Ұжым бастықтары актерлардың жағдайын жасады.  2002 жылы Елбасы көрген театрдың ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Өкімет қаржы бөлді. Театр тарапынан тұяқ серпіп,  жаңалыққа бет бұрып, өнер мен көрермен  арасын жалғап жүрген көркемдік жетекші – Қазақстанның халық артисі Мұрат Ахмадиевтің еңбегі зор. Өнер ошағына жасалған зор  қолдау театрға таза тыныс, тың екпін, шығармашылық  талпыныс   ала келді.

Талап пен үлкен мақсаттың болғандығы көркемдік сапа мен шығармашылық ізденісті қалыптастырды. Ендеше, шығармашылық ильһам мен көркем бейне өзімен-өзі туындамақ. Соның жемісі – ұйғыр театры әрқашан, әр жылы, әр маусымда бірнеше жаңа қойылымды көрермен назарына тарту етті. Олар – талантты қаламгер Гүлбаһар Насированың «Мениң билән муңдашқин»А.Садировтың «Қәдирданлар»А.Гүлиевтің «Дәттикам» драмалары. Осынау көркем туындылар өз көрермендерін күтуде. Әрине авторлардың пьесаларының бәрі бірдей сәтті шығып, қара үзіп тұрмаған шығар. Алайда драматургтардың тың соқпаққа түсуіне жол ашылғаны  белгілі.

«Он екі мұқам» – ұйғыр халқының тарихи мәдени қазынасы екенін дүние жүзі халқы біледі. 2005 жылы ЮНЕСКО «Он екі мұқам» шығармасын  ұйғыр халқының мәдени мирасы деп бекітті.

Иә, «Он екі мұқам» туындысы  шаман, мани, будда, ислам діндерінің ішкі-сыртқы мазмұн-мәнімен  бітеқайнасып  өмір сүреді. Мұнда талай-талай тарихи тартыстар мен  оқиғалар арасында өлмей тірі қалу үшін Саитханмен  күрескен – Аманнисахан, Абдурәшитхан, Қыдырхан, Махмут мұқамшылардың  көркем образдары  сомдалды.  «Он екі мұқамның» бірінші мұқамы – «Рак»,  екіншісі – «Чаббаят», үшіншісі – «Мушавирәк», төртіншісі – «Чаргаһ» сияқты музыкалық драмасын жаздым. Қойылым иесі, көркемдік жетекшісі – Мурат Ахмадиев. Мұқамдарды театрдың «Нава», «Рухсара» ансамблі артистері өнер дәрежесіне жеткізіп ойнайды, келіп көріңіздер! Қалған: «Пәнжигаһ», «Өзһал», «Әжәм», «Ошақ», «Баят», «Нава», «Сигаһ», «Ирақ» мұқамдарын  көруді  көрермендердің  армандап жүргенін естідім. Бетке ұстар театрымыз қоржынында барын  көрерменнен жасырған емес. Театрда әрқашан аншлаг. Театрымыздың бүгінгі уақыттың бәсекесіне түсуге толық мүмкіндігі бар десем, артықтық  етпес.

Ерекше айтайын дегенім, қазақ, орыс, өзбек, әзірбайжан, татар, башқұрт, қырғыз, түрік т.б. елдердің пьесалары сахнамыздың төріне шықты. Отанымыздың ардақты, әйгілі  авторларынан –  М.Әуезовтың «Қараш-қараш», С.Мұқановтың «Қашқар қызы» («Ипархан»), Ә.Таразидың «Махамбет» (қазақ тілінде), Д.Исабековтың «Мұрагерлер» (қазақ тілінде), Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», Иран-ғайып пен Ш.Шаваевтың  «Қашқария», Қ.Шаңғытбаевтың «Паһ, жигитләр», И.Сапарбаевтың «Сыған серенадасы» пьесалары қойылды. Бұл жағынан интернационалдық сезім бізде көш ілгері екені анық. Ал ұйғыр драматургтарының пьесалары, еліміздегі, не облыстық, не мемлекеттік театрларда сахналанды дегенді естімеппін. Осы жағы әрине, өкінішті. Әдеби ауыс-түйіс, аударма, сахналық араласу – ұлт пен ұлтты, адам мен адамды жақындататын көпір.

 

Қазіргі аламақы автордың маңдай теріне татымайды

Театр ұжымдарының өнерін бағалайтын сарапшылар алқасының құрамындағы елге танымал өнертанушы Еркін Жуасбек, театртанушы, өнертанушы Бақыт Нурпейіс, театртанушы Айзат Қыдырәлиева, сыншы Гулнар Әбікеева, театртанушы Мирас Әбілдерді театрымызға келіп, спектакльдерді көріп, бір ауыз ілтипат білдіретініне сенімдімін.

 Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің президенті – Анар Еркебай театрда қойылған Г.Насированың «Мениң билән муңдашқин», А.Гүлиевтың «Дәттикам» қойылымдарын көріп пікір айтқан болатын. Ұйғыр театрының кәсіптік деңгейін көтеруде, көркем өнерді  дамытып, мемлекеттік театрлармен арадағы байланысты нығайтуда мұндай  кездесулердің маңызы зор. Бүгінде Ұйғыр театры көрерменмен үздіксіз байланыс жасап, қойылымдар хақындағы көрермен пікіріне құлақ асып, тәжірибе сабақтарын қорытып, жұмысын оңды жалғастырып келеді.

Драматургиямыз жақсы, мықты драматуртарымыз бар деп, қанша мақтансақ та, осы қасиетті, талғампаз жанрда қалам тартып жүрген қазіргі ұлттық драматургтарымызда  кәсіптік өре, тың ізденістер, шығармашылық машық, шеберлік қарым жетіспейді. Түп-төркініне келгенде, кейбір келеңсіздіктердің негізі осы себепке  келіп саяды. Бұл – біздің мүшкіл халіміздің ең басты себебі. Ол үшін алпыс, жетпіс, сексендегі драматургтардың  ынтасын арттырмаса, театрға да қозғау болмайды. Өйткені театрда ынталы жас, ықыласты соңғы буын қаламгерлері некен-саяқ. Бұл жанрдың қаламақысы – мардымсыз. Алып жатқан қаламақысы автордың маңдай теріне татымайды. Әне, сондықтан жас драматургтарымыз әзірге бейғам. Не болмаса, әзиз аналардан әзірге  хас драматург тумаған сияқты.

Барды мақтаған да – жақсы, бармен мақтанған да – жақсы… Қазіргі пондемия кезінде ұйғыр театры халықтың еңсесін көтеріп, үрейден арылтып, қорқыныштарын айықтыру жолында көп еңбектеніп жатыр. Кейбір қиындықтарға қарамастан, ұжымның  көрерменнің рухани дүниесін жаңартып, қоғамға зор үлес қосқанын ерекше айтқым келеді.

Ахметжан АШИРИжазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

Источник: ӨНЕРДІҢ ТҰҢҒЫШЫ – ТЕАТР